«Aktau Mobilography Fest»: Қыран Талапбек фестиваль қатысушыларымен кездесті

«Aktau Mobilography Fest»: Қыран Талапбек фестиваль қатысушыларымен кездесті

Ақтауда өтіп жатқан «Aktau Mobilography Fest» фестивалінің аясында Қыран Талапбек жұмысы ерекшеленген 90-ға жуық фестиваль қатысушысымен кездесті.

Фестивальге 300-ге жуық адам бейнематериалын ұсынған. Байқау шарты бойынша қатысушылар белгіленген үш бағыттың біреуіне видео түсіруі қажет. Атап айтқанда, Ақтаудың талантты жастары туралы, шаһардың келісті келбеті және Маңғыстаудың көрікті жерлерін түсіру бағыты бойынша сынға түсті. 300-ге жуық бейнематериалдың 100-і қазылар алқасының шешімімен ерекше деп танылды. Осы видео авторлары аталған кездесуге келді. Жиында Қыран Талапбек бастаған мобилографтар мен фестиваль қатысушылары өзара сөйлесіп, тәжірибе алмасты.

-Шараның басты мақсаты - ақтаулық мобилографтардың басын қосып, қаладағы кәсіби мобилографияны дамыту. Сонымен қатар, бұл байқау қаладағы мобилографтар ортасының қалыптасуына мүмкіндік берді. Топ 4 бейнематериал Ақтау қаласы мен Маңғыстаудың көрікті жерлерін түсіру бағыты бойынша болды, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.

Жиында фестиваль қатысушылары Қыран Талапбекке толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сонымен қатар, кездесуде Ақтау қаласындағы мобилография саласын дамыту талқыланды. Қыран Талапбектің айтуынша, Ақтаудағы мобилография саласы жоғары деңгейде дамып келеді.

-Қазылар алқасында соңғы топ 5 мобилографты таңдау қиынға соқты. Себебі қатысушылардың бейнематериалы бірінен-бірі асып түседі. Байқауда қазіргі нарықтың жағдайымен есептесек, құны 7-8 миллиондай болатын бейнематериалдарды көрдік. Бұл Ақтаудағы мобилография саласының жоғары деңгейде екендігін көрсетеді, - деді Қыран Талапбек.