«Сапалы білім беру - оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі» жиыны: Ақтауда сегіз мектеп салу жоспарланып отыр

«Сапалы білім беру - оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі» жиыны: Ақтауда сегіз мектеп салу жоспарланып отыр

Ақтауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Сапалы білім беру - оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі» атты ұстаздар мен мектеп басшыларының қатысуымен өткен жиналыста қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали айтты.

Аталған 8 мектептің алтауының құрылысы осы жылы басталады. Сондай-ақ, 2024 жылы 4000 орындық 2 мектептің құрылысы қарастырылған. 37 және 38 шағын ауданда салынатын мектеп құрылысының тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

-Құрметті ұстаздар, жиынға қатысушылар! Баршаңызды Конституция күнімен, облыстың және қаланың мерейтойымен құттықтаймын. Осы жылдар аралығында ел болып қалыптасу үшін Қазақстан халқы, соның ішінде, ұстаздар қауымы аянбай еңбек етті. Биыл қалаға көшіп келушілер санының артуы мен демографиялық өсімге сәйкес №1, 16, 17 мектеп үш ауысымға өткелі отыр. Бүгінгі таңда құрылысы жүріп жатқан 18, 19А  шағын аудандарында әрқайсысы 1200 орындық 2 мектепті жыл аяғында беру жоспарланып отыр, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.

Жиында жылу тапшылығын жою, жылу желілерінің тозуын азайту және жылыту кезеңінде сапалы қызметпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Осы мақсатта қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали тиісті орындарға білім беру нысандарының қалыпты жұмыс жасауын қадағалауды тапсырды.

Шарада қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева өткен оқу жылының қорытындысы және жаңа оқу жылына жоспарланған міндеттер туралы баяндама жасады. Білім бөлімі басшысының айтуынша, білім беру сапасын арттыру, мектептер жұмысын үйлестіре түсу үшін білім беру саласы әр жыл сайын тың ізденіс-бастамалармен, жаңа әдіс-тәжірибелермен толықтырылып келеді. Мектеп командасы - жетістік бағдары, білім беру ұйымдарының табысты дамуының бірегей ресурсы. Жиында осы бағытта жұмыстанып келе жатқан №21 жалпы білім беретін мектеп директоры  Гүлзада Еңсегенова «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім сапасы» тақырыбында сөз сөйледі.

-Мектептің білім сапасын арттыру стратегиялық бағыты бойынша мектебімізде үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, «Үздік сынып», «Командалық жұмыс», «Мектептің оқу порталы». Бұл жобалар мектеп оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырып, білім сапасын арттырады. Сонымен қатар, мектептің даму жоспарындағы «Педагогтың кәсіби өсуі» стратегиялық бағыты бойынша тәлімгер педагогтар арасында командалық жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. «Мәңігілік ел - жалпыұлттық патриоттық идеясы» стратегиялық бағыты бойынша 4 жоба іске асырылды. Олар: «Ұлттық салт пен дәстүр», «Медиасауаттылық», «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалысы», - деді №21 жалпы білім беретін мектеп директоры  Гүлзада Еңсегенова.

Жиын соңында байқаулар мен олимпиададан жоғары жетістік көрсеткен мектептердің басшылары марапатталды.