АНАЛАР КЕҢЕСІ КЕЗЕКТІ БІЛІМ ОРДАСЫНА БАРДЫ

АНАЛАР КЕҢЕСІ КЕЗЕКТІ БІЛІМ ОРДАСЫНА БАРДЫ

Ақтау қаласы әкімі жанынан құрылған Аналар кеңесі білім ошақтарын аралап, ата-аналармен кездесуді жалғастыруда. Бүгін кеңес мүшелері №12 мектептің ата-аналарымен жүздесіп, отбасындағы тәрбие жайын талқылады. Кеңес құрамында психолог, акушер-гинеколог, заңгер, білім беру саласының үздіктері және қалаға белгілі аналар бар.

Мамандар өтпелі кезеңде отбасы берекесін сақтау мен бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтты. Бұл істе әсіресе, ата-ана жауапкершілігі мен тәрбиесін де қаперде ұстау қажет. Тәрбие мәселесін көтерген алқалы жиында мамандар ата-аналарды осы мәселеге ерекше назар аударуға шақырды.

«Былтыр құрылған қалалық Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтып, оның құндылықтарын дәріптеу мақсатында қаладағы барлық білім ошақтары мен ірі мекемелердегі ата-аналармен жүздесуді жоспарлап отыр»,-деді қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлзира Есетова.

Айта кеткен жөн, мектеп залы лық толы болды. Екі жарым сағатқа созылған кездесуде ата-аналар қызу пікір таластырып, мектеп пен бала тәрбиесіне қатысты сауалдарын жолдады.