“БОЛАШАҚТАҒЫ АҚТАУ”: ҚАЛАНЫ ҚАЛАЙ КӨРКЕЙТЕМІЗ?

“БОЛАШАҚТАҒЫ АҚТАУ”: ҚАЛАНЫ ҚАЛАЙ КӨРКЕЙТЕМІЗ?

Ақтау қаласының әкімі Е. Ізбергенов қала жанашырларымен жүздесті. Жиын барысында “Ақтау - менің қалам” қоры құрылғаны хабарланды.

Қаланы жан-жақты дамыту бойынша өткен жиынға республикадан урбанистер, блогерлер, белсенді жастар және көгалдандыру бойынша мамандар қатысты.

Алғы сөз қала әкімі Е. Ізбергеновке беріліп, ол қаланың белсенді жастарына алғысын білдірді.

“Қала - бәрімізге ортақ” деп үнемі айтып жүремін. Бүгінгі отырыс - осы сөзімнің бір дәлелі. Мен қаламыздың заманауи және жастардың қаласына айналғанын қалаймын және осы мақсатта бірнеше жұмыстар атқарып жатырмыз. Бүгінгі отырысты қала жанашырларының жиыны деп отырмыз, сондықтан мен де сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызға ашықпын. Бәріміз “бір жеңнен- қол, бір жағадан - бас шығарып”, алдағы жоспарларды іске асырсақ, Ақтаудың жоғары қарқынмен дамитынына күмән жоқ. Қаланы дамытуға бағытталған қор құру туралы жуырда айтқан едім. Бұл идеяны оперативті түрде жүзеге асырған белсенді жастарға, соның ішінде Данияр Сандыбаевқа ерекше алғыс білдіремін”, деді қала әкімі.

Жиын барысында “Ақтау қаласының дамуы” тақырыбында презентация жасалды. Онда спикер қаланы абаттандыру, яғни көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктер, дала спорты, креативті кластер және көлік инфрақұрылымы бойынша нақты жоспарлар ұсынып, таныстырды. Оның айтуынша, 2025 жылға дейін 20 қоғамдық орын абаттандырылып, спорт алаңдары салынады.

Айта кетейік, “Ақтау - менің қалам!” коммерциялық емес қоры құрылды. Оған құрылыс ұйымының жетекшісі, белсенді тұрғын Данияр Сандыбаев басшылық етеді. Қор бюджеттен қаржыландырылмайтынын атап өткен жөн.