ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ТАУАРЫН САТЫП АЛУҒА 5 СЕБЕП

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ТАУАРЫН САТЫП АЛУҒА 5 СЕБЕП

Ақтау қаласының әкімі сүт, нан және ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды аралады. Ербол Ізбергенов «Ақ-Нек» сүт зауыты мен «Мағаш нан» наубайханасының жұмысымен танысты.

«Мағаш нан» кәсіпорнының мамандары соңғы үлгідегі технологиялық желілердің жұмысын көрсетті. Зауыт – 200-ден астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгіме барысында Ербол Ізбергенов еңбек жағдайы мен жалақы мәселесіне қызығушылық танытты. Бүгінде мұнда 240 адам еңбек етеді.

«Барлық өнімдер осы зауытта жасалады. Сонымен қоса біздер әлеуметтік нан жеткізумен де айналысамыз. Бағасы төмен болса, өніміміздің сапасы төмен деген сөз емес. Бізде ХАССП жүйесі бойынша технологиялық процестердің сапасы бақыланады»,- деді зауыт директоры Мағауия Сауғабаев.

Сонымен қоса Ербол Ізбергенов 2007 жылы іргетасы қаланған «Ақ-Нек» сүт зауытын аралап көрді. «Ақ-нек» – Маңғыстау облысындағы сүзбе, айран, қаймақ өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі.

Сүт зауытының жобалық қуаттылығы – кең ассортиментте, тәулігіне 25 тонна өнім шығарады.

«Отандық тауар өндірушілерді қолдау – өте маңызды. Сонымен қоса біз әрқашан жаңа ұсыныстар мен қызықты идеяларға ашықпыз. Жергілікті өндірушілерден сатып алудың артықшылығы көп. Біріншіден – жақындарымыздың денсаулығын жақсартамыз, екіншіден – жергілікті экономиканы көтеріп, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасаймыз. Үшіншіден – өндірушінің кім екенін нақты білеміз, ал төртіншіден – жергілікті өндіруші сізге бір реттік жеңілдік немесе сіз үшін мәзірде жоқ арнайы өнім жасай алады. Бесіншіден – жергілікті өндірушінің өз ерекшелігі болады»,- деп бөлісті қала әкімі.