Ақтауда Жалау Мыңбайұлының 130 жылдығы аталып өтті

Ақтауда Жалау Мыңбайұлының 130 жылдығы аталып өтті
Ақтауда Алаш ардақтысы, ХХ ғасырдағы Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлын еске алуға арналған бірқатар шара өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. 
 
Жалау Мыңбайұлы өз заманының ірі саясаткері, Қазақ АКСР орталық атқару комитетінің төрағасы болған кесек тұлға. Жалау Мыңбайұлы өмір бойы өз жақтаушыларымен адалдық үшін алысып өткен, құрылған қазақ ұлттық республикасының болашағына сенген алаш ардақтысы. Ол өмірінің соңына дейін ұлтына адал болып қалған әрі қазақ жұртының елдігі үшін күрескен, осы үшін де репрессияға ұшыраған. 
 
Жалау Мыңбаевты еске алу оның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Атаның ұрпақтары оны еске алып, құран бағыштады. 
 
Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң «Ұлт тәуелсіздігінің жалаугері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда Жалау Мыңбайұлының ұлтқа қызмет жолындағы ерен еңбегі мен қасық қаны қалғанша тер төккен ұлағаттылығы ұлықталды. Сондай-ақ, шарада маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың «Ер Жалау» атты кітабының тұсауы кесілді.  
 
Конференцияға Астана және Алматы қаласынан арнайы келген тарихшы-ғалым, алаштанушылар, Маңғыстау облысының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
 
Конференцияға қатысқан Ұлықбек Тналиев шараның өскелең ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.
 
-Қазақ халқы өткен ғасырда қайғы-қасіретке толы, миллиондаған адамның өмірін жалмаған, өз жерінде халық жауы атанып, кінәсіз сотталған, боздақтарымыз жазықсыз атылған жылдарды басынан өткерді. Сол кезеңдерде туған елінің еркіндігі жолында күрескен Жалау Мыңбайұлы сияқты азаматтарымыз тоталитарлық режимнің құрбаны болды. Алаштың арда ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, руханият көсемі Жалау Мыңбайұлының тұлғасына бүгінгі күннің биігінен көз тастау, оның қайраткерлік тұлғасын тәуелсіз таным тұрғысынан зерделеу - аса қастерлі іс, деді Ұлықбек Тналиев. 
 
Шараның мақсаты 1920-1930 жылдары Кеңес билігінің Қазақстанда жүргізген саяси зардаптарының ұлт тарихындағы орнын көрсету және Ж. Мыңбайұлының мұраларын қазіргі заман контексінде зерделеу, ұлт тұлғасы ретінде лайықты бағасын беру және келер ұрпаққа ғұмыр жолын насихаттау.
 
Айта кетсек, конференция Маңғыстау облысы әкімдігінің және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қолдауымен ұйымдастырылды.