Ақтауда “Жаңа Қазақстанның тірегі - жалынды жастар” атты форум өтті

Ақтауда “Жаңа Қазақстанның тірегі - жалынды жастар” атты форум өтті

Бүгін Ақтауда қала әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен “Жаңа Қазақстанның тірегі - жалынды жастар” атты форум өтті. Форумға Ақтау қаласы университеттері мен колледждерінен 300-ге жуық адам қатысты.

Форумда "Qazaqstan Team" республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі, кәсіпкер, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сүлейменов Олжас Серікбайұлы, Философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті
Кеңшілік Тышханұлы және ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық маслихат депутаты
Аят Сүгірбай жастармен тілдесіп, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарына жауап берді.

Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай алғашқы сөз кезегін алып, жастарды еңбекқор, білімді болуға және еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін аянбай тер төгуге шақырды.

“Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев: “Жастар– Қазақстанның мәдени имиджі, тәуелсіздік құндылықтарын, біздің ерекше күшімізді бейнелейтін, халықаралық аренада біздің еліміздің атынан қатысатын рухани елшілер”, деген еді. Расымен де, еліміздің тірегі - сіздер, құрметті жастар! Сіздерде энергия көп, қазір - жалындап тұрған кездеріңіз. Жастар - біздің болашағымыз деп жатамыз. Ол да дұрыс шығар, бірақ менің айтқым келетіні, жастар - ең алдымен, біздің бүгініміз. Білім алыңыздар, білім ол еңбекпен келеді, ал екеуінің үйлесімі сізді жетістікке жеткізеді”, деді қала әкімі.

Олжас Сүлейменов XXI ғасырдың жастары қандай болуы керек, биік белестерге қол жеткізу үшін жоғарғы білім алу қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

“Бүгінгі жастар, ең алдымен жан-жақты болуы керек. Анам оқушы кезімде “Бай мен кедейді теңестіретін тек қана білім” дейтін. Сол сөзді енді түсінгендеймін. Расында кез келген мәселеден білім ғана алып шығады және әрине, еңбекқорлық. Мен 1% таланты бар және 99%-ға еңбектенген адамның жетістікке жететініне сенемін. Сондықтан “еңбегің мен ақылыңды екі жақтап” деп дана Абай айтқандай, жастар еңбек пен ақылды тең ұстап, үнемі даму үстінде болуы керек”, деді ол.

Сондай-ақ ол жастарға өнегені сырттан емес, үйден, ата-анадан алуға кеңес берді және еңбек етуді бүгіннен бастау керектігін айтып өтті.

“Мысалы, сіздер Ақтау қаласын жақсы көресіздер. Байығанда осы туған жерімді көркейтуге ат салысамын дейсіздер. Бұл дұрыс қағида емес, сіз қалаңыз үшін қазірден бастап еңбек етіңіз”, дейді Олжас Сүлейменов.

Ал Философия ғылымдарының докторы Кеңшілік Тышханұлы теріс діни ағымдар жайлы сөз қозғап, жастарды бір болуға, бірлікте болуға шақырды.

“Қоғамға зиян келтіру дінімізде жоқ. Діндарлық деген ол адамгершілік, діндарлық деген қайырымдылық. Қазір ата-анаға қарсы шығаратын ағымдар бар. Бұл, демек, теріс ағымдар. Егер сенің сенімің қоғам үшін қарама-қайшы болса онда қоғамның мүддесі үшін ол сенімнен бас тарту керек, оның бұрыс жол екенін түсіну керек”, деді ол.

Сондай-ақ, Кеңшілік Тышханұлы жастарға үнемі даму үстінде болу қажет екенін түсіндірді.

“Жаңа Қазақстан жаңа адамнан басталады. “Кешегі күнің мен бүгінгі күнің бірдей болса - сенен зиян” деген сөз бар. Сол үшін күн сайын жетілу керек, даму керек. Адам екі нәрсенің қадірін білмейді: денсаулық және бос уақыт. Сондықтан бос уақытымыздың қадірін білейік, оны дұрыс жолда жұмсайық”, деді ол.

Форумның қорытынды сөзін ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық маслихат депутаты Аят Сүгірбай алып, жастарды батырлардың ұрпағы екенімізді ұмытпауға, соған лайықты болуға үндеді.

“Біз батырлардың ұрпағымыз. Біз сыни тұрғыда ойлап, оң мен солымызды ажырата алуымыз керек. Елдің айнасы- жастар және мен сіздерден үлкен тұлғалар шығатынына сенемін. Бәріміз бірігіп, еңбек етіп, Қазақ елінің жастарының беделін көтерейік!”, деді ол.

Форум соңында студенттер сұрақтарын қойып, естелік фотоға түсті.