Ақтау тұрғыны мемлекеттен грант алып, қой жүнінен бұйым жасайтын кәсіп ашқан

Ақтау тұрғыны мемлекеттен грант алып, қой жүнінен бұйым жасайтын кәсіп ашқан

Төрт-түлік малдың жүні қазақ халқының тіршілігінде үлкен рөл атқарады. Себебі, халқымыз мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін жүннен түрлі денсаулыққа пайдалы, экологиялы таза бұйымдар жасап шығаруға болатынын білген. Олжас Көшкінбаев - осы жоғалып бара жатқан дәстүрді жалғастырып, құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосып жүрген ақтаулық кәсіпкер.

Оның айтуынша, бұл істі бастауға ысырапшылдыққа жол бермей, салт-дәстүрді жаңғырту идеясы себеп болған.

“Бұл идея бізге отбасымызбен жиналып, шәй ішіп отырғанда келді. Ысырапшылдықты көріп, бұл дұрыс емес екенін талқылап отырғанбыз. Сөйтіп қой жүнін өңдеп, киіз шәркей тігуді бастап кеттік. Мақсат - қолда бар нәрсенің қадірін біліп, таза экологиялық отандық өнім дайындау болды”, дейді кәсіпкер.

Жас кәсіпкер бұл істі 27 жасында бастаған, негізгі мамандығы - эколог, қазір осы салада инженер болып қызмет етеді. Ал кәсібін осы негізгі жұмысымен қатар алып жүр.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін олар мемлекеттен грант алған.

“Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында Даму фондының қолдауымен 5 млн. көлеміндегі грантқа ие болдық. Қазіргі уақытта сол қаражатқа жүн жуатын және компьютерлік тігін машина сатып алдық. Қазір біз жастарға арналған “Махаббат көрпесін” дайындап жатырмыз. Бұдан басқа біз киізден, қойдың жүнінен үйге арналған шәркей дайындаймыз. Оның денсаулыққа пайдасы зор, терлетпейді, иіссіз, таза, табиғи өнім”, дейді кәсіпкер Олжас Көшкінбаев.