Ақтау қаласы аумағында «SOS» дабыл түймелері іске қосылды

Ақтау қаласы аумағында «SOS» дабыл түймелері іске қосылды

Мемлекет басшысының тапсырмасында көрсетілген «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамасы аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді арттыру мақсатында қала аумағында, әсіресе, адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен саябақтарда «SOS» дабыл түймелері орнатылды.

Аталған құрылғы – полициямен жылдам байланысуға мүмкіндік беретін ыңғайлы сервистік жүйе. Маңғыстаулықтар бір ғана түймені басу арқылы тәртіп сақшыларының көмегіне жүгіне алады. Жедел басқару орталығының операторы қоңырау шалушыны көру арқылы оның орналасқан жерін анықтап, шұғыл әрекет ету және тиісті көмек көрсету шараларын қабылдайды.

Көпшілікке сапалы қызмет көрсетудің тиімді құралы – «SOS» батырмалары Ақтау қаласында бес мекен жай бойынша орналасқан. Олар: «Амфитеатр» теңіз жағалауы, «Ақбота» саябағы, «Мәңгілік алау», «Ынтымақ» алаңдары және Приморский жағажайы.

Сонымен қатар, «SOS» дабыл түймесін қаланы нашар білетін туристер де қолдана алады. Бағдарланбаған жерлерде адасып қалған азаматтар осы батырма арқылы тәртіп сақшыларымен байланысып, көмек сұрайды.

Маңғыстау облысы Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын аса қажеттілік болмаған жағдайда батырманы себепсіз пайдаланбауға шақырады. Жедел басқару орталығының операторлары сіздің қоңырауыңызға кеткен уақыттың орнына, расымен көмекке зәру азаматтардың хабарламасын қабылдауы мүмкін екендігін есте сақтаған жөн! Өзіңіздің және өзгелердің уақытын алмауларыңызды сұраймыз.