Маңғыстау облысында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтті

Маңғыстау облысында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтті

 

21 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесіне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

 

  Шараға сала ардагерлері, өңірдегі мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. 

 

Аймақ басшысы мерекелік кеште облыстың ілгері дамуында мәдениет және өнер қызметкерлерінің рөлі зор екенін айта келе, бүгінгі мерекелерімен құттықтады. 

 

– Мәдениет – тамыры тереңде жатқан, ұрпақтар сабақтастығының қайнар бұлағына айналған ұлттың рухани болмысы. Өнер – халықтың жаны. Мәдениет – қоғамның қозғаушы күші, мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мәдениет саласына қамқорлық – болашаққа инвестиция. Төл мәдениетті, ұлттық өнерді сақтау және дамыту үшін жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің біріне айналуы тиіс» деген болатын. Бүгінде облыста мәдениет және өнер саласында 2 мыңнан астам қызметкер еңбек етуде. Мереке қарсаңында баршаңызға тек жақсылық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт тілеймін, – деді Нұрлан Ноғаев.

 

Биыл облыс аумағында бірнеше мәдени нысандар бой көтеріп, халыққа қызмет етуде. Атап айтсақ, Ақтау қаласында Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапхана ашылды. Оған ілесе, Маңғыстау ауданы, Жармыш ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат елді мекенінде жаңа кітапхана, Кендірлі мәдениет үйі ашылып, өз жұмыстарын бастап кетті.

Сонымен қатар Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ақтау қаласы және Қазақстан Халықтары Ассамблеясы тарихы» және Маңғыстау мұнайының тарихына арналған жаңа залдар ашылды.

 

Сондай-ақ осы жылы Сайын Шапағатов ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, Құрық ауылында музей құрылысы басталады. Ал 2025 жылға дейін облыста 7 мәдениет үйі, 6 кітапхана 2 музей, 1 театр салынып, 60 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. 

 

Салтанатты шарада мәдениет және өнер қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет  грамотасымен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және алғыс хатымен, сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ өнер ардагерлеріне және 60, 70 жас мерейтой иелеріне құрмет көрсетілді. Сонымен қатар “Жыл үздіктері»  марапатталды.