МАҢҒЫСТАУДА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

МАҢҒЫСТАУДА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

МАҢҒЫСТАУДА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

 

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бизнес өкілдерінің қатысуымен талқылануда.

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев, Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмас Қуандықов, «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің басшылары, мәслихат депутаттары, бизнес-қоғамдастық пен қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.

«Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 21 қаңтарда бизнес – қоғамдастықпен өткен кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың реформаланатынын, корпоративтік жемқорлыққа қарсы іс-қимылға баса назар аудару қажеттігін айтты. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын талқылап, ұсыныстар беру маңызды,» деді Абзал Меңдібаев.

Кездесуде билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажеттілігі және онда бизнеске қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу шаралары талқыланды.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали алдағы бес жылдыққа арналған тұжырымдамада қарастырылған бизнесті ынталандырудың шараларымен бөлісті.

«Біз сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатындай жағдай туғызуымыз керек. Бұл мемлекеттік қызметшілерге де, азаматтарға да, бизнеске де қатысты. Аталған тұжырымдамада бизнеске қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу бойынша бірқатар шаралар ұсынылды. Адал түрде жұмыс істейтін компаниялар, біздің ойымызша, қаржылық жағынан мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қолдау және т.б. кезінде преференциялар алу арқылы көтермеленуі керек.

Бұл бағыттағы шетелдік тәжірибе де бар. Шығыс Еуропа елдерінде «Clear wave» шартты атауымен өнімді, қызметтерді және маркетингтік материалды ашық бизнес-таңбалау бастамасы іске асырылған. Бұл белгі іскерлік этиканың, ашықтықтың, жауапкершілік пен тұрақтылықтың символы болып табылады. Мұндай компаниялар кейіннен «таза параққа» түседі, бұл оларға мемлекеттік тапсырысты алу кезінде артықшылықтар береді. Еуропадағы «Бизнестің бірінші жылы туралы декларация» жас кәсіпкерге оны сыбайлас жемқорлық әсерінен қорғап, қолдау көрсетеді. Бизнесті ынталандырудың мұндай құралдарын Қазақстанда да енгізу туралы стратегиялық құжатта ұсынылған,» деді Қуаныш Мырзағали.

Бұдан бөлек, жиында сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Өз кезегінде, жиынға қатысушылар ұсыныстарын жеткізіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мемлекеттік органдардың қызметіне ішкі талдау жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауда ішкі талдау жұмыстарын өткізуге мүдделі болу керек. Ал, өңірдегі кейбір мемлекеттік органдар ішкі талдау жұмыстарына тиісті көңіл бөлмей, формалды түрде өткізеді. Сондықтан, тұжырымдамада осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аудару керек,» деді облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Айта кетейік, жиын барысында енгізілген ұсыныстар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдау кезінде ескерілетін болады.

МО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті