Жиналмалы бесік жасаушы ақтаулық шебер эксклюзивті топтамасын шығаруда

Жиналмалы бесік жасаушы ақтаулық шебер эксклюзивті топтамасын шығаруда

Ақтаулық шебер Ербол Бинеубайдың  ағаштан жасаған тың дүниелеріне сұраныс артып келеді. Бүгінде шебер озық үлгідегі эксклюзивті топтамасын шығара бастаған.

Алғаш рет ағаш өңдеу ісінің қыр-сырын жас шебер өзі жұмыс істеген жиһаз цехынан үйренген. Төзімділік пен шыдамдылықты, ептілік пен ыждаһаттылықты талап ететін өнерді толықтай меңгерген Ербол өзінің эксклюзивті топтамасын да шығара бастаған.

Бүгінде шебердің авторлық жиналмалы бесіктері мен сәндік бұйымдар сақтайтын қобдишалары халық арасында үлкен сұранысқа ие. Қазақша оюдың заманауи түрлерімен ойылған бұл ерекше бесік жас аналар үшін де өте ыңғайлы.

- Көздің жауын алатын дүниені өмірге әкелген сайын рахат күйге бөленесің. Оны одан сайын дамытып, сол кәсіптің қыр-сырына сәт сайын қаныға түскің келеді. Ағаш жонуға асқан ептілік қажет. Олай болмаған күнде, жоспарлаған дүниең ойдағыдай шыға қоюы екіталай. Қай бұйымды болмасын бастар алдында ойша жоспарлап аламын. Төмен қарап отырған қалпы алақандай затты әдемі етіп шығару адамның көңіл-күйімен тікелей байланысты. Жұмысқа жан-тәніммен берілген сәтте ғана жасаған дүнием әп-әдемі болып шығады, дейді жас шебер.

Өткен жылы Ербол Бинеубай «Бастау бизнес» жобасына қатысып, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Түскен қаржыға қажетті құрал - жабдықтар алып, ісін дамытуда. Болашақта ұлттық өнерді дәріптеу арқылы туындыларын жеке брендке  айналдырып, әлемге танытуды мақсат етіп отыр.