Маңғыстау облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «сары» аймаққа өтті

Маңғыстау облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «сары» аймаққа өтті

Маңғыстау облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Өңір «сары аймаққа» өтті. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлімдеді.

Соңғы  тәулікте  облыс бойынша 156 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.  Оның ішінде  Ақтау - 80, Жаңаөзен – 20, Түпқараған ауданы – 6, Қарақия ауданы – 3, Маңғыстау ауданы – 4 , Бейнеу ауданы -3, Мұнайлы ауданында - 40 жағдай тіркелді.

-Оның ішінде шағыммен қаралған науқас – 87 (55,7%),   шағымсыз қаралған науқастар саны – 69 (44,3%) жағдай болды. 137-сі ересектер, 14 жасқа дейінгі балалар арасында -18, 15-17 жас 1 жағдай тіркелді.  Тіркелген 156 науқастың ауруханаға жатқызылғаны - 28, 128-і үй жағдайында емделуде. Жалпы соңғы кездері өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұр. Өңір «сары» аймаққа өтті. Коронавирус инфекциясынан сақтанудың бірден-бір жолы екпе салдыру. Сондықтан екпе алмаған тұрғындарды екпе алуға шақырамыз. Сондай-ақ, ревакцинацияны да ұмытпау қажет. Сонымен қатар, бетперде тағуды ұмытпау керек. Адамдар көп шоғырланған жерлерге бармау керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет, - деді Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев

Бүгінгі таңда облыс бойынша екпенің 1 компонентімен 192 762 адам (49,6%), 2 компонентімен 175 117 адам (45,0%) екпемен қамтылды.  Ал, 10 145 адам ревакцинациядан өтті.