Нұрлан Ноғаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығына бақылау орнатуды тапсырды

Нұрлан Ноғаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығына бақылау орнатуды тапсырды

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін қарау бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Баға мониторингі және әрекет ету шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әкім орынбасары Бекбол Орынбасаров пен облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева баяндады.

- Азық-түлік тауарларына баға мониторингі күн сайын жүргізіледі. Барлық өндірушілермен, сауда желілерімен, жеткізушілермен және бөлшек сатушылармен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың көтерілуіне жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық азық-түлік дүкеніне хабарлама берілді. Азық-түлік тауарларын жеткізуге қатысты іркіліс жоқ. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үш реттік ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілген, - деді Бекбол Орынбасаров.

Жиналыс қорытындысы бойынша Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, ірі сауда желілерімен және баға өсуін тежеу жөніндегі жеткізушілермен меморандумдарға қол қоюды және ӘМАТ өндірушілер мен жеткізушілердің, көтерме және бөлшек саудада сатушылардың деректер базасын құруды міндеттеді.

- Президент жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Көтерме сауда базарларындағы қойма және сауда орындарын жалдау ақысын төмендету мәселесін пысықтау қажет. Сондай-ақ, шағын дүкендердің иелеріне сауда үстемесінің тауар құнынан 15% - дан асып кетуіне жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру керек. Күн сайын ірі сауда нысандары мен қоймалардағы ӘМАТ қоры мен тауарды жеткізу барысындағы ықтимал іркілістер туралы уақытылы хабардар ету маңызды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.