Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді есігімізден кіргелі тұрған Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Өтіп бара жатқан сиыр жылы еліміз үшін ерекше мерейлі меже болды. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өттік. Бұл – біздің маңдайымызға бұйырған мерейлі мәртебе.

Жаңа жыл - өткенді саралайтын, келешекке бағдар жасап, ертеңге батыл жоспарлар құрылып, үлкен міндеттер жүктелетін уақыт.
Ескі жылға өкпеміз жоқ, қанша  қиындық болса да, ауызбіршілігіміздің арқасында ел болып еңсеріп, ауыртпалықты жеңе білдік. Жаңа жылға игілікпен, ізгі үмітпен қадам бастық.

Әлемге таралған індет қалыпты тіршілігімізге өзгеріс енгізгені сөзсіз. Соған қарамастан қаламыз үшін табысты жыл деуге болады. Жаңа тұрғын үйлер қолданысқа беріліп,  шағынаудандарда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жаңа заманауи аялдамалар пайдалануға беріліп, қаладағы апатты үйлердің мәселесі біржола шешімін тапты. Қалаішілік қоғамдық көліктер жаңартылып, инвесторлардың көмегімен бірнеше жобалардың құрылысы басталды.

Қымбатты жерлестер!
Жеткен жетістігіміздің барлығы да  – Сіздердің зор еңбектеріңіздің жемісі. 2021 жылды нәтижелі аяқтап, Ақмаржан Ақтаудың  дамуына қосқан әр біріңіздің үлесіңіз үшін ризашылығымды білдіремін!
Жаңа 2022 жыл Сіздерге жақсылық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке әкелсін!

Ізгі тілекпен, Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбай