Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі Маңғыстау облысында жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі Маңғыстау облысында жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті

18 қазанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Басшысы Кестутис Янкаускас бастаған делегациясын қабылдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Екіжақты кездесуде ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мәселелер талқыланды.

Еуропалық Одақ еліміз тәуелсіздік алған сәттен Қазақстанмен ынтымақтастық орната бастады. Содан бері Маңғыстау облысының сыртқы сауда байланыстарында да маңызды рөл атқарып келеді. Маңғыстау облысы мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы жалпы тауар айналымы осы жылдың 8 айында 1,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

Кездесу барысында ҚР-дағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы мен делегация мүшелері көлік логистикасы саласындағы жобаларды іске асыруға, өнеркәсіптік инфрақұрылымды және жасыл экономиканы дамытуға, атап айтқанда Маңғыстау облысында жылыжайлар мен жаңартылған энергия көздері нысандарын құруға мүдделі екендіктерін мәлімдеді.

Өңір басшысы жергілікті билік органдары ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.