ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕГІ ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫ АЙНАЛЫМҒА ҚОЙЫЛДЫ

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕГІ ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫ АЙНАЛЫМҒА ҚОЙЫЛДЫ

Қала бойынша тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу мәселесі бойынша бүгін қала әкімдігінде БАҚ өкілдерімен брифинг өтті. Оған Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Таубаев, «КЖСА» МКК директоры Б.Шапқан, «Қамқор» және «Бірлік-2021» басқарушы, сервистік компаниялар мен МИБ
қауымдастығы төрағалары Т.Баймагамбетов пен Е.Батагова қатысты.

Бұған дейін әр жыл сайын 15-қазаннан басталатын жылу беру жұмыстары ауа-райының күрт салқындауына байланысты биыл Ақтауда 7 -қазаннан басталды.

«КЖСА» МКК директоры Бақыт Шапқанның айтуынша бекітілген кестеге сәйкес қазан айының 7,8,9 күндері барлық шағынаудандардың тұрғын үйлерінің жылу құбырлары айналымға қойылды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші компания (КСК, ОСИ) жұмысшылары жертөледегі жылу тораптарын ашу, сорғыларды қосу, яғни баптау жұмыстарын жүргізуде.

Яғни, тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші компаниялар әрбір жертөледегі құбырлардың бұрандысын ашып, барлық үйдің жылу құбырларының айналымын жүргізеді. Бұл жұмыстар 3-4 күнге созылмақ. Аталған жұмыстар толық аяқталған соң, пәтерлерге жылу үздіксіз беріледі.

Сонымен қатар, «КЖСА» директоры қазіргі таңда 26, 32а 12, 22 және 3 шағынаудандардағы бір қатар тұрғын үйлердің жылу құбырларынан шыққан ақаулар жөнделуде екенін атап өтті.