АҚТАУДА ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ ЕККЕН АҚ ТЕРЕГІ НЕГЕ ТАМЫР ЖАЙМАДЫ?

АҚТАУДА ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ ЕККЕН АҚ ТЕРЕГІ НЕГЕ ТАМЫР ЖАЙМАДЫ?
Былтыр күзде 17 шағынауданға отырғызылған 120 ақ теректен климаттың салдарынан көктемей қалған. Теректен қалған бос орынға жергілікті климатқа төзетін талдарды егу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 
 
«Бұл ақ теректерді демеушілер екті. Алайда ағаштарды отырғызар кезде агротехникалық ерекшелігіне назар аудармаған. Яғни жерді дұрыс таңдамаған, тасты жерге еккен. Кейін тамыры терең жайылмай, қурап қалды. Сондықтан ботаникалық бақ мамандарының шешімімен 120 ағашты кесіп тастадық», - дейді «Ақбота» КММ басшысының м.а. М.Көпенов. 
 
Теректер демеуші есебінен болғанымен оны күтіп, баптау қала әкімдігінің құзырында болған. Бұл ретте жауапты мамандар суару, тыңайтқыштар себу сынды жұмыстардың уақытылы жүргізгенін тілге тиек етті. Тіпті, ағаштардың жерсінбейтінін де алдын ала ескертіпті. Алайда ескертуді ескермеген демеушілер теректі бой түзейді деп дәмеленген.
 
Мұратбай Көпеновтың айтуынша, енді оның орнына ағаш отырғызу 15 қазаннан кейін басталады. Жергілікті климатқа бейімделген ағаштарды таңдап алғалы отыр. Бұл жолы жауапты маман отырғызылатын ағаштың 100 пайыз жерсініп, жайқалатынына сенімді. Ал, ботаникалық бақтың аға инженері Гүлсім Жаңбырбайқызы соңғы үш-төрт жылдықта ағаштардың қараусыз қалып, эстетикалық күйін жоғалтқанын айтты. Енді қаланың 30 жыл бұрынғы кейпіне қайта жету үшін «Ақбота» мекемесінен көп өзгеріс күтетінін де жасырмады. 
 
«Қазіргі таңда қарағаш қаланың өңін алып тұр. Бұл – жасы біразға жеткен, кәрі ағаш. Менің ойымша, қарағашты түгел ауыстырған дұрыс. Себебі, аталған ағаштарды зиянкестер жеп қойған. Қайта жайқала алмайды. Көгалдандыруға жауапты мекеме ботаникалық бақтың мамандарымен тығыз байланыста болса, кеңесімізді айтуға дайынбыз», - дейді ботаникалық бақтың аға инженері Гүлсім Жаңбырбайқызы. 
Оның айтуынша, жұмысты жүргізу үшін тұрақты мекеме болуы керек. Ағаштар жақсы күтімде болса, қала бұрынғы қалпына келеді.