ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ

ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ

Ақтаулық Бегендіковтер «Отбасылық ансамбль» ретінде көпке танылып келеді. Отағасы Ерлан Бегендіков Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы, үздік пианист әрі концертмейстер. Жұбайы Айгүл Жолдасбаева  екеуі Күмісбек, Шаттыбек, Өнербек сынды үш перзент тәрбиелеп отыр. 

 

Өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған Ерлан мен Айгүл 2003 жылы отау құрған. Балаларының  білім алып, өнерін әрі қарай дамыту жолында ата-анасы барын салуда. Үлкен ұлы Күмісбек Маңғыстау өнер колледжінің 3 курс студенті. Ұлттық аспап домбырада ойнайды. Ал, кішісі Өнербек Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінің фортепиано және вокал сыныбында білім алуда. Ол домбыра сабағынан дәріс алып, дәстүрлі ән орындайды. Қазақтың жыр- термесіне де қызығушылығы зор.

 

«Демалыс кезінде балаларымызды үнемі өзімізбен гастрольдік сапарға алып кетеміз. Құдіретті өнерге баулып, ұлттық өнерімізге сусындап өссе дейміз»,- деді отанасы Айгүл. 

 

Сонымен қатар, өнерлі отбасы әр түрлі деңгейдегі концерттерді ұйымдастырумен айналысады. Бүгінде олар республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары.

 

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі