АҚТАУЛЫҚТАР ЖАСЫЛ-ЖЕЛЕКТІ СУАРУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІН ОЙЛАП ТАПТЫ

АҚТАУЛЫҚТАР ЖАСЫЛ-ЖЕЛЕКТІ СУАРУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІН ОЙЛАП ТАПТЫ

Ақтаулық белсенділер кондиционерден шыққан суды тиімді пайдалану үшін суарудың жаңа жүйесін ойлап тапты. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Белсенділердің айтуынша кез-келген сплит жүйесінде дренаж арнасы бар. Конденсацияланған сұйықтық арнайы түтіктер арқылы шығарылады. Өткен аптада Алексей Джубанов бастаған бір топ белсенді осы сплит жүйесінен бөлінген суды үй алдындағы талдар мен жасыл-желектерді суаруға пайдалану жобасын қолға алды. Алғашқы жүйе Ақтаудағы 27 шағынаудан 15 тұрғын үйге орнатылды.

«Кондиционер суымен көгалдарды суару ең ұтымды әдіс. Су таза, құрамында коммуналдық судағы химиялық заттардың ешқайсысы жоқ. Өткен аптада 15-тұрғын үйге осы жүйені орнаттық. Ол тұрғын үйде барлығы 17 кондиционер бар. Жүйені 2 кіреберіске орнаттық. Алдымен 1-кіреберіске 10 кондицонерді, 2-кіреберіске 7 кондицонерді біріктіріп, орнаттық. Оған пластикалық құбырлар мен цистерна пайдаланылды. Цистерна көлемі 300 литр.», - дейді А. Джубанов.

Бұл өсімдіктерге арналған айналмалы конденсацияны қолдану кезінде суды сүзу немесе тұндыру қажет емес.

«Пәтерлер суды жинау үшін қарапайым ыдыстарды пайдалануда. Сонымен қатар, жиналған судың ыдыста толып кетпеуін бақылауды қажет етеді. Ал, бұл жүйе арқылы су тікелей үй алдындағы өсімдіктерге жетеді. Осылайша тұрғындар үйлерінің алдындағы талдарды тегін суара алады», - деді тұрғын.
Сплит жүйесі орташа бір пәтерден сағатына 1-ден 3 галлонға дейін немесе 3,8-ден 11,4 л дейін су шығарады.