МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫН СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ ІРКІЛІСТЕР БОЛМАЙДЫ

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫН СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ ІРКІЛІСТЕР БОЛМАЙДЫ

«ҚазГӨЗ» ЖШС - да (бұдан әрі – ҚазГӨЗ) 2021 жылғы 16 маусымда сағат 22:15-те Компрессорлық цехтың ауа тоңазытқышы конструкциясының жануы орын алды. Сағат 22:52-де өртті оқшаулау және толық жою жүргізілді. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Өрт салдарынан градирня конструкциясының бір бөлігі істен шықты, негізгі жабдық (компрессорлық жабдық) зардап шеккен жоқ. Градирняны қалпына келтіру бойынша авариялық-жөндеу жұмыстары басталды.
ҚазГӨЗ бойынша оқыс оқиғаны тексеру туралы бұйрық шығарылып, өрт салдарын жою бойынша жедел штаб құрылды.
Зауыттың дайын өнім қоймаларындағы сұйытылған мұнай газының мөлшері өңірдің қажеттілігін шамамен екі тәулікке (шамамен 1,2 мың тонна) қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімдігінің жедел ақпараты бойынша өңірде сақтау базаларында сұйытылған газдың тағы үш тәулікке жететін қалдығы бар (шамамен 1,5 мың тонна).
Бұдан басқа, қажеттілік туындаған жағдайда Атырау мұнай өңдеу зауытынан өңірге сұйытылған газды баламалы жеткізуді жүргізуге мүмкіндік бар.

Ай сайын Маңғыстау облысына шамамен 18 мың тонна сұйытылған газ бөлінеді, оның ішінде ҚазГӨЗ - ден 14,5 мың тонна және АМӨЗ - ден 3,5 мың тонна. Бүгінгі күні жедел ақпарат бойынша ҚазГӨЗ-ден 8 мың тоннадан және АМӨЗ - ден 1,6 мың тонна астам сұйытылған газ жөнелтілді. Зауыт жұмысы жақын арада толық қалпына келтірілетін болады.

Өңірде сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша ешқандай іркілістер күтілмейді.