МАҢҒЫСТАУ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМБИНАТЫНДА СУ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ АРТТЫ

МАҢҒЫСТАУ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМБИНАТЫНДА СУ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Су тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Бүгін облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен өңірдің елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан жұмыстар бойынша жиын өтті. Басқосуда облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Қартбаев «МАЭК-Қазатомөнеркәсібінде» ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, су өндіру көлемінің артқанын айтты.

«Өңірде су тапшылығы негізінен жаз айларында орын алады. Қазіргі таңда облыс орталығы Ақтау қаласындағы ауыз суға байланысты мәселе шешілді. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның уақытша жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгіннен бастап кәсіпорында су өндіру көлемі тәулігіне 52 000 м3 дейін ұлғайды»,-деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек осы жылдың жаз айында облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша тағы бірқатар жұмыстар қолға алынды.

- Жақын күндері Баянды ауылында тәулігіне 3,0 мың текше метр су тұщытатын қондырғы іске қосылады.

- «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын қалпына келтіру мақсатында мембраналарды қайта орнату жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде шілде айының басында зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 24 200 текше метрге дейін артады.

- Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт салып жатыр. Бұл зауыт биыл жыл соңына іске қосылады деп күтілуде.

Облыс әкімі жауапты азаматтарға жоспарланған жобаларды мерзімінде іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жұмыстар аймақ басшысының жеке бақылауында болады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі