МАҢҒЫСТАУДА ІРІ ҚҰС ФАБРИКАСЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

МАҢҒЫСТАУДА ІРІ ҚҰС ФАБРИКАСЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Маңғыстауда агроөнеркәсіп кешендерін дамытуға басымдылық беріліп келеді. Биыл 5 айда ауыл шаруашылығында 5,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3% құрады.
Осы жылы ауылшаруашылығы саласында жалпы 8,0 млрд. теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ге тарта жұмыс орнын құру жоспарланды. Жоспарланған инвестициялық жобалар ішінен жақында құс фабрикасы ашылды.

«Ақтау Агро» ЖШС - Маңғыстау облысында құс етін өндіретін ең ірі және бірегей өндіріс ошағы болып табылады. Аталған инвестициялық жоба жылына 5 мың тонна құс етін өндіру арқылы өңірдің құс етіне деген қажеттілігін 50% - ға жабуға мүмкіндік береді. Бұл импортқа тәуелділікті екі есе азайтады деген сөз.
Кешенінің өзі 3 алаңнан тұрады: инкубатор, 30 мыңнан астам құсқа арналған 16 қора және сағатына 2 мың құс союға қауқарлы цех. Бүгінде кәсіпорын бройлерді өсіруге қажетті барлық жабдықтармен қамтылған. Оның ішінде өнімді жіті бақылайтын ветеринарлық зертхана да бар.
Айта кетсек, осы жылдың сәуір айында Маңғыстауға Ресейден 38,5 мыңға жуық инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс фабрикасы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салынды. Сол мөлшердегі екінші партия инкубаторға 16 күннен кейін тағы салынды. Осылайша бройлер тұқымының алғашқы балапандары сәуір айының соңында басылып шықты.

Өсіп-жетілген құстардың алғашқы партиясы 28 мамырда сою цехына жіберілді. Дайын салқындатылған өнім маусым айының соңында «Каспий құсы» брендімен дүкен сөрелеріне шығарылмақ. Өнімнің орташа салмағы шамамен 1,5-2 кг құрайды, ал бағасы бір кг үшін 1200 теңге.
Құс фабрикасымен қатар Мұнайлы ауданында қуаттылығы сағатына 10 мың тонна құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс тек құс фермасына қажетті жем шығарып қана қоймай, жергілікті мал шаруашылығы үшін де жем-шөп өндіреді деп жоспарланып отыр.