АҚТАУДАҒЫ 10 ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ СЫРТЫНА МУРАЛ САЛЫНАДЫ

АҚТАУДАҒЫ 10 ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ СЫРТЫНА МУРАЛ САЛЫНАДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, қаланың орталық жолдарының бойында орналасқан 10 тұрғын үйге мурал салынады. Жоба құрылыс мекемелерінің демеушілігімен іске асады. Алғашқы жұмыстар 10 мамыр күні басталады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлім етті.

«Сонымен қатар, жаңа 40 шағын ауданнан саябақтың ірге тасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Демеушілер қаражаты есебінен Ақтау қаласының «Шығыс-3» шағын ауданы, № 8 және № 9 өнеркәсіптік аймақтың қиылысына «Шотан батыр» ескерткішін орнату және «Ақтау-Әуежай» тас жолының бойына кіре-беріс кешенінің құрылысын салу жобалары әзірленді. Ал, 20-сы шағынаудағы айналмалы жолға демеушілік есебінен Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай Ақтау қаласына сый ретінде «Салтанатты арканың» құрылысы басталды», - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Қала әкімінің айтуынша, Ақтауда 17 және 39 шағын аудандарда жаңа мешіттердің құрылысы бой көтерді. Қазір 17 шағынаудан Бекет ата мешіті ғимаратының сүру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орнына 1200 шаршы метр болатын жаңа мешіт тұрғызылмақ. Жаңа мешіт 2021 жылдың II тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал 39 шағынаудандағы 500 адамға арналған «Ержан Хазірет» мешітінің құрылысы 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 17 шағынауданда 3 қабатты «Оқушылар сарайы» салынады. 6540 шаршы метрді құрайтын ғимаратқа 1000-нан астам бала қабылданатын болады», - деді Нұрдәулет Қилыбай.