Маңғыстау облысында 1,2,3,4,5 сыныптарға арнап толымдылығы 15 баладан аспайтын кезекші сыныптар ашылады.

Маңғыстау облысында 1,2,3,4,5 сыныптарға арнап толымдылығы 15 баладан аспайтын кезекші сыныптар ашылады.

Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
 
«2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап жаңа қаулыға өзгерістер енгізілді. Ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныпқа дейін кезекші сыныптар ашылады. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра, 9-11 сыныптар үшін 70% дәстүрлі, 30%  қашықтықтан оқыту форматына көшіріледі. Ал, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 1 курс студенттері 2020-2021 оқу жылының II семестрінен бастап аралас форматқа көшіріледі»,-деді Ғазиз Надуев.

Ал, Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Гүлмира Мамаеваның мәліметінше, пәндердің 70% дәстүрлі, 30% қашықтықтан оқыту форматында өтеді. Білім беру орындары санитайзерлермен, тепловизорлармен, бактероцидтік лампалармен,  т.б. қамтамасыз етілген. Барлық мектептердегі медициналық пункттер күшейтілген режимде жұмыс істейді.

«Қазіргі кезде толымдылығы 15 баладан аспайтын, 1,2,3,4,5 сыныптарға 77463 бала келеді деп жоспарлануда. Ал, 9, 11 сыныптарға келсек, олар аралас форматта оқытылады. Бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия, тарих және т.б. пәндер мектепте оқытылады. Пәндердің 70%-ы штаттық форматта мектепте өтсе, 30%-ы қашықтықтан оқытылады. Жалпы алғанда мектеп бітіруші сыныптардың түлектері үшін оқу жылының соңында қорытынды аттестаттау, колледждерде  кешенді емтихандар, 11-сынып оқушылары жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ, және бастауыш сынып оқушыларының оқу бағдарламаларын сапалы меңгеру жайы ескерілді. Ал, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі »,-деді Гүлмира Мамаева.