
Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Маңғыстау» телеарнасының бастамасымен «Өз диқаныңды қолда» атты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.
Жәрмеңкеге облыстың әр өңірінен келген шаруа қожалықтары қатысып, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін нарықтағы бағадан қолжетімді бағамен ұсынуда.
– Жергілікті өнімдерді өндірушілердің өз бағасымен халыққа ұсынуына мүмкіндік жасау мақсатында 19-шағын ауданнан арнайы орын белгіленді. Бүгінде кәсіпкерлер тұрғындарға өз өнімдерін ұсынып, сауда жасауда. Қала тұрғындары мен қонақтарын жергілікті өнімдерді сатып алып, жергілікті шаруаларды қолдауға шақырамын, – деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зухра Бермағанбетова.
Айта кетейік, жәрмеңке әр аптаның жұма күні сағат 09:00-ден бастап өткізіледі. Іс-шара 1-қазанға дейін жалғасады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі