
10 қыркүйек – Отбасы күніне орай бүгін Ақтау қаласында қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты форум өтті.
Форумға қала тұрғындары, облыс және қала әкімдіктері жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері, мәслихат депутаттары, ішкі істер органдарының қызметкерлері, сондай-ақ білім беру, кәсіпкерлік және әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Жиын барысында отбасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті нығайту, бала тәрбиесі, ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Түрлі сала мамандары қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөлісіп, пайдалы ақпарат ұсынды.
– Бүгінгі форумның басты мақсаты – қоғамдағы өзекті отбасылық мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын бірлесе талқылау, сондай-ақ отбасы институтының маңызын дәріптеу. Отбасы – қоғамның іргетасы. Сондықтан оның берекесі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет, – деді «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры, журналист, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Лаура Тындырғанова.
Іс-шара аясында жергілікті тігін шеберлерінің ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Форумға қатысушылар көрмені тамашалап, мазмұнды ақпарат алып, өзара пікір алмасты.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі