Ақтау қаласында 50 сәндік құмыра орнатылды

Ақтау қаласында 50 сәндік құмыра орнатылды

Ақтау қаласының көркі мен сәулеттік келбетін жақсарту, сондай-ақ қалалық ортаны абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында шаһар аумағына сәндік 50 құмыра орнатылды.

Аталған сәндік элементке жалпы саны 1500-ден астам өсімдік отырғызылды. Атап айтқанда, 30 құмыраға 1500 дана бір жылдық петуния гүлдері егілді. Түрлі түсті петуниялар қала көшелеріне көрік беріп, тұрғындар мен қала қонақтары үшін эстетикалық жағымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 20 құмыраға биіктігі 1,5 метрден асатын туя ағаштары отырғызылды. Мәңгі жасыл өсімдіктер қаланың сәулеттік келбетімен үйлесіп, қоғамдық кеңістіктердің сәнін арттыруға және жасыл желек көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, орнатылған құмыралар өсімдіктердің қалыпты өсуіне қажетті жағдайларды ескере отырып таңдалған. Атап айтқанда, олардың құрылымы ауа айналымын реттеуге және өсімдіктердің тамыр жүйесіне қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қаланы көгалдандыру жұмыстары Ақтаудың эстетикалық тартымдылығын арттырумен қатар, тұрғындарға қолайлы әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі