Ақтауда халықаралық жастар күніне арналған концерт өтті

Ақтауда халықаралық жастар күніне арналған концерт өтті

Бүгін, 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Ақтау қаласындағы «Амфитеатр» алаңында «Жастармен бірге» Open Air мерекелік кеші өтті.

Іс-шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Мерекелік кешті Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, қала тұрғындары, сондай-ақ «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығына қатысып жатқан сегіз елдің волонтерлері тамашалады.

Концерт барысында Ақтау қаласының әкімі жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосып келе жатқан үлесін атап өтті.

– Жастар – елдің жарқын болашағы, жаңа идеялар мен тың бастамалардың қозғаушы күші. Әрқайсыңызға зор денсаулық, биік мақсат, мол жетістік және армандарыңыздың орындалуын тілеймін! Бүгін, 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен қатар, Каспий теңізі күні. Осыған орай ортақ табиғи байлығымызды қорғап, Каспийдің экологиялық жағдайын сақтауға бәріміз атсалысайық. Мереке құтты болсын! – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Мерекелік бағдарлама аясында Мира Нұрлыбек, Ақмарал Арғынқызы, Марат Стан, Алғыт Дәурен, Guffa, IlHan және Bayansulu өнер көрсетіп, көрермендерге музыкалық шығармаларын ұсынды. Сонымен қатар кеш қонақтары үшін түрлі интерактивті ойындар ұйымдастырылды.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі