
Бүгін — Каспий теңізі күні. Бұл күн Каспий маңы мемлекеттерінің ортақ табиғи мұрасын қорғау, теңіздің экологиялық қауіпсіздігін сақтау және өңірлік ынтымақтастықты нығайту маңызын еске салады.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау және оны бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан басшыларының қатысуымен тұрақты Каспий саммиттері өткізіліп келеді.
Каспий саммиттері: тарихтағы маңызды кезеңдер
I саммит — Ашхабад, Түрікменстан
23–24 сәуір 2002 жыл
Каспий маңы мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуі өтті. Тараптар арасында бірқатар маңызды мәселелер бойынша пікір қайшылығы болғанымен, тұрақты көпжақты келіссөздер процесінің негізі қаланды.
II саммит — Тегеран, Иран
16 қазан 2007 жыл
Алғашқы бірлескен қорытынды декларация қабылданды. Каспийді тек бейбіт мақсатта пайдалану және Каспийде Каспий маңы мемлекеттеріне қатысы жоқ елдердің қарулы күштерінің болуына жол бермеу қағидаты бекітілді.
III саммит — Баку, Әзербайжан
18 қараша 2010 жыл
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Тараптар браконьерлікпен, терроризммен, заңсыз айналым және контрабандамен күресте өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.
IV саммит — Астрахань, Ресей
29 қыркүйек 2014 жыл
Каспий теңізіндегі ұлттық аймақтардың негізгі параметрлері бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Атап айтқанда, әр мемлекеттің жағалауынан есептелетін 15 теңіз милі аумақтық су және оған іргелес 10 теңіз милі балық аулау аймағын белгілеу қағидаты келісілді.
V саммит — Ақтау, Қазақстан
12 тамыз 2018 жыл
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылды. Бұл тарихи құжат Каспийдің құқықтық мәртебесін, теңіз түбін межелеу қағидаттарын, кеме қатынасын және басқа да маңызды мәселелерді реттейтін негізгі халықаралық-құқықтық негіз қалыптастырды.
VI саммит — Ашхабад, Түрікменстан
29 маусым 2022 жыл
Мемлекет басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы 2018 жылғы Конвенцияның маңызын тағы да атап өтті. Кездесуде экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ Каспий теңізінің тайыздануы мен экологиялық мәселелерін шешу бағыттары талқыланды.
Каспий — бес мемлекетті ғана емес, бүкіл өңірдің ортақ табиғи байлығы.
Каспий теңізін сақтау, оның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету және табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану — бүгінгі және келешек ұрпақ алдындағы ортақ міндет.
12 тамыз — Каспий теңізі күні құтты болсын!