
Ақтау қаласының 36-шағын ауданындағы «Кездесу» жанар-жағармай құю бекетінен бастап, 31А, 31Б, 32А, 32Б және 35-шағын аудандарының қиылысына дейінгі автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жол құрылысының барысын Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов арнайы барып бақылап, мердігер ұйымдар мен жауапты сала басшыларына жұмыстың сапасы мен мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
- Қала тұрғындарының басты сұраныстарының бірі – сапалы жол инфрақұрылымы. Сондықтан барлық мердігер мекемелер бөлінген бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты игеріп, құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай, жоғары сапада орындауы қажет. Әрбір жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуы тұрғындардың өмір сүру қолайлылығына тікелей әсер етеді, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Қазіргі таңда «Кездесу» жанар-жағармай құю бекетінен бастап, 35-шағын ауданда орналасқан «Кәсіпкерлер палатасы» ғимаратына дейінгі ұзындығы 2,5 шақырым болатын орталық жолға асфальт төсеу жұмыстары басталды. Жоба аясында жол жабыны жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
- Жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты туындаған уақытша қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан түсіністік танытуды сұраймыз. Сондай-ақ жол қозғалысына енгізілген уақытша өзгерістерді ескере отырып, жүретін бағыттарыңызды алдын ала жоспарлауларыңызды сұраймыз, – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жұлдызбай Көңілімқосов.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі