Ақтау қаласында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында шұңқырларды жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары тұрғындар мен жүргізушілерге келтірілетін қолайсыздықтарды барынша азайту үшін қолайлы ауа райы жағдайында күндізгі және түнгі уақыттарда ұйымдастырылуда.
Биыл қала аумағында жалпы көлемі 15 000 шаршы метр жол жабынын шұңқырлы әдіспен жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның 8 400 шаршы метрі толық аяқталды. Жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау үшін 8 жұмысшы мен арнайы жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған.
Қазіргі таңда Сары базар аялдамасы, 29-шағынаудан аялдамасы, 28-шағынаудандағы «Metropolis» сауда орталығының алдындағы жол учаскелері, сондай-ақ 28А–28, 26–27 және 27-шағынаудан мешіті аялдамасы аралығындағы автомобиль жолдарында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Ал бүгінде 11 және 12-шағынаудандар арасындағы жол учаскесінде жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Осыған байланысты Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарынан жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарда уақытша туындайтын қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды, сондай-ақ жол қозғалысы бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі