
Ақтау қаласында 16-шағын ауданды кешенді абаттандыру жобасы жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы аясында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 4300 метр су құбыры, 3067 метр кәріз құбыры және 2570 метр жылу құбыры жаңартылды.
Сонымен қатар, аталған шағын ауданда 4000 метрге жуық асфальт жабыны төселді. Қазіргі уақытта ауданішілік автомобиль жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жалғасуда.
Алдағы күндері қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес мердігер мекеме шағын аудандағы бүлінген жол учаскелерін қалпына келтіру, сондай-ақ жол белгілерін орнату және жол таңбаларын сызу жұмыстарын жүргізеді.
Бұдан бөлек, 27-шағын аудандағы «Бәйтерек» сауда орталығынан бастап 16, 17, 18А және 19-шағын аудандардың қиылысына дейінгі аралықта орналасқан кәріз коллекторын толық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жоба қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Жобаға сәйкес барлық құрылыс және жаңғырту жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі