11 шілде күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Балиұлының төрағалығымен «Жылы жағажай» аумағында мониторинг жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері және еріктілер қатысты.
Мониторинг барысында жағажай аумағында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің жұмысы тексерілді. Тексеру кезінде халыққа жалға ұсынылатын жағажай жабдықтарының қолданыстағы талаптарға сәйкестігі, міндетті сертификаттаудан өтуі, сондай-ақ әрбір жағажайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқарушы мен алғашқы медициналық көмек көрсете алатын медицина қызметкерінің болуы қажеттігі ерекше атап өтілді.
– Жағажай аумағында орнатылған барлық жабдық міндетті түрде сертификаттаудан өтуі тиіс. Әрбір жағажайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқарушы мен алғашқы медициналық көмек көрсете алатын медицина қызметкері болуы қажет. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен заңсыз сауда фактілері анықталған жағдайда әкімшілік хаттамалар рәсімделеді. Сондықтан барлық кәсіпкерлер қажетті құжаттарын әкімдікке уақытылы тапсырып, заң талаптарын толық сақтауы қажет, – деді Бекнұр Балиұлы.
Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарға қатысты жауапты тұлғаларға тиісті әкімшілік шаралар қолданылып, ескертулер берілді. Сонымен қатар демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, аталған іс-шара тұрақты түрде жалғасатын болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі