Ақтау қаласында инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдардың қазба жұмыстарынан кейінгі абаттандыру сапасына қатысты тұрғындардан түсетін шағымдар көбейген. Осыған байланысты Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев қала көшелеріндегі абаттандыру жұмыстарының жай-күйіне мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында қала аумағындағы бірқатар учаскеде қазба жұмыстары аяқталғанымен, абаттандыру жұмыстары толық аяқталмағаны және бұл жағдайдың жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына кедергі келтіріп отырғаны анықталды.
Осыған байланысты жауапты мердігер мекемелерге 2026 жылғы 10 шілдеге дейін барлық абаттандыру жұмыстарын толық аяқтау, тротуарларды бастапқы қалпына келтіру, сондай-ақ бүлінген және сынған брусчаткаларды жаңасына ауыстыру міндеті жүктелді.
- Бұл учаскелер тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайсыздық туғызып отыр. Сондықтан басталған әрбір жұмыс сапалы орындалып, соңына дейін толық аяқталуы, ал тротуарлар бастапқы қалпына келтірілуі тиіс, – деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев.
Белгіленген мерзімде қойылған талаптарды орындамаған ұйымдарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынатыны ескертілді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі