Бүгін, 26 маусым күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жыл соңына дейін жүзеге асырылатын басым жобаларды таныстырды.
Бүгінде Ақтау қаласының халқы 309,7 мың адамға жетіп, өңір тұрғындарының 37,6 пайызын құрап отыр. Жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілді.
– Қаңтар–мамыр айлары аралығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 84,6 млрд теңгені құрады. Жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 114 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы алты ірі инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде қосымша 185 тұрақты жұмыс орны құрылады, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Биыл қала аумағында мыңнан астам ағаш, мыңдаған бұта және көпжылдық гүлдер отырғызылды. Сонымен қатар балалар және спорт алаңдарын жаңарту, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, орталық және ішкі шағын аудандардағы жолдарды жөндеу, сондай-ақ жағалау аймағын қайта жаңғырту жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Шара барысында қала тұрғындары шаһар басшысына өзекті сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Кездесу аяқталғаннан кейін Әбілқайыр Байпақов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі