Бүгін, 25 маусым күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов Қытай Халық Республикасының Ляньюньган қаласының мэрі Чжоу Цзинь бастаған ресми делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі қала арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ туризм, логистика, мәдениет және гуманитарлық салалардағы өзара әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Әбілқайыр Байпақов Ақтау мен Ляньюньган қалаларының өңіраралық байланыстарды дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Ақтау қаласының халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға айрықша мән беретінін жеткізді.
– Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық пен стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшылары арасындағы өзара сенім мен сындарлы диалог өңіраралық және қалалар арасындағы байланыстарды нығайтуға берік негіз қалыптастырды. Ляньюньган қаласы халықаралық сауда мен теңіз логистикасының маңызды орталықтарының бірі ретінде кеңінен танымал. Осыған байланысты қалаларымыз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары деп есептеймін, – деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Кездесу соңында қала әкімі делегация мүшелеріне Ақтауға жасаған сапарлары үшін алғыс білдіріп, екі қала арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі