
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде жүргізілген мониторинг жұмыстары барысында Ақтау қаласының өндірістік аймақтарының бірінен рұқсатсыз төгілген тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының үйіндісі анықталды.
Аталған аумақты тазарту жұмыстары жедел ұйымдастырылып, мердігер «Ақтау сервис құрылыс» ЖШС тарапынан қоқысты жинау және шығару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 25 тонна қоқыс шығарылып, белгіленген полигонға жеткізілді.
Тазалық жұмыстарына 6 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аумақ толықтай тазартылып, санитарлық жағдайы қалпына келтірілді.
Қала аумағында экологиялық ахуалды жақсарту және заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.
Осыған байланысты қала тұрғындарын және кәсіпкерлік субъектілерін қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамыз. Таза қала — әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі