
Ақтау қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала аумағындағы шағын аудандарда тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда мониторинг барысында бірқатар шағын ауданда орналасқан 4 құрылыс нысанының абаттандыру қағидаларын бұзғаны анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты құрылыс компанияларының өкілдеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, оларға құрылыс нысандарының аумағын тазалау, ретке келтіру және тиісті санитарлық талаптарға сай күтіп ұстау міндеттелді.
- Құрметті қала тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілері! Қала тазалығы мен көркеюіне ортақ жауапкершілікпен қарап, абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын сақтауға шақырамыз, — деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бегалы Хожахметов.
Аталған мониторингтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі