Ақтау әкімдігінде абаттандыру мәселесі талқыланды

Ақтау әкімдігінде абаттандыру мәселесі талқыланды

Бүгін, 5 маусым күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен қала аумағындағы инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстарынан кейінгі абаттандыру мәселелеріне арналған аппараттық жиын өтті. Басқосуға қала әкімдігінің жауапты өкілдері мен коммуналдық мекемелердің басшылары қатысты.

Мәліметке сәйкес, 2025–2026 жылғы жылыту маусымында шағын ауданішілік инженерлік желілерде 493 ақау тіркеліп, олардың барлығы дер кезінде жойылған. Бұл туралы жиында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Скендиров баяндады. Алайда жөндеу жұмыстарынан кейін жүргізілуі тиіс абаттандыру шараларының сапасы мен мерзімінде орындалуы өзекті мәселе болып отыр.

– Бұл жағдай тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетіне де кері әсерін тигізуде. Қала әкімдігіне тұрғындар тарапынан осы мәселеге қатысты көптеген арыз-шағым түсуде. Сондықтан салалық басқармалар мен жауапты кәсіпорындардан нақты әрі тиімді шаралар қабылдауды сұраймыз, – деді Ерғали Скендиров.

Жиын барысында қала әкімінің бұған дейін берген хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы да қаралды. Өз кезегінде Әбілқайыр Байпақов жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді жою және жүктелген міндеттерді қысқа мерзімде сапалы орындау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі