
19 мамыр күні Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Ақтау қаласындағы бірқатар сауда нысандарының жұмысымен танысты. Сапар барысында сауда орындарын заманауи форматқа көшіру, көлеңкелі саудамен күрес, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, санитариялық талаптардың сақталуы және инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар қаралды.
Өткен жылы мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында республика бойынша сауда нысандарын жаңғыртуға 5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 458 сауда субъектісі қаржылай қолдауға ие болып, жалпы көлемі 67,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның негізінде сауда орындарын жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүзеге асырылды.
Сауда комитетінің төрағасы өңірдегі жобалардың іске асырылу барысы мен сауда алаңдарын жаңғыртудағы оң динамиканы атап өтті.
– Жұмыс сапарымыздың аясында өңірде былтыр жаңғыртылған ірі сауда нысандарының бірі – «Сити Центр» базарының жұмысымен таныстық. Аталған нысанға бір жыл бұрын келген кезде ашық аспан астындағы ретсіз сауда орындары болған еді. Қазіргі таңда базар толықтай жаңғыртылып, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қолайлы әрі заманауи жағдай жасалған. Біздің негізгі мақсатымыз – көлеңкелі сауданың алдын алып, кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы және заманауи сауда ортасын қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жалпы, Маңғыстау өңірінде бизнестің даму қарқыны мен кәсіпкерлердің белсенділігі жақсы деңгейде, – деді Ернұр Жәутікбаев.
Сала өкілінің айтуынша, биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында мемлекет тарапынан шамамен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Аталған қаражат өңірлердегі сауда нысандарын дамытуға ниетті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі