
Ақтау қаласында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында көктемгі дератизация жұмыстары басталды. Қазіргі таңда кеміргіштердің (тышқан, егеуқұйрық) таралуының алдын алу және олардың көбеюінің белсенді кезеңінде улау шаралары жүргізіліп жатыр.
Дератизация жұмыстары «Самал» шағын ауданынан бастап Өмірзақ ауылына дейінгі теңіз жағалауы аумағында, «Ақтау теңіз-сауда порты» маңында, «Ақ желкен» тұрғын массивінде және бірқатар шағын аудандарда жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қала аумағындағы барлық балалар ойын алаңдарында дезинсекция жұмыстары қатар жүргізіледі.
- Аталған жұмыстарды мемлекеттік лицензиясы бар мамандандырылған ұйым — «Дезинфекция Нұр-Ару» ЖШС орындауда. Қолданылып жатқан препараттар Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген және тұрғындар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз, – деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Әсет Баспаев.
Айта кетейік, дератизация жұмыстарының алғашқы кезеңі 18 мамыр мен 10 маусым аралығында күн сайын сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Екінші кезең күз мезгіліне жоспарланған.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі