Сіздерді еліміздің тарихындағы ең қастерлі де айбынды мереке – Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – бейбітшілік пен бостандықтың, ерлік пен қаһармандықтың, ұрпақтар сабақтастығының мызғымас символы. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында жанын пида еткен батырларымыздың өлшеусіз ерлігі мен тылда қажырлы еңбек еткен аналарымыз бен балаларымыздың төзімділігі – біз үшін мәңгілік өнеге. Бүгінгі бейбіт өмір мен жарқын болашақ – сол қиын кезеңдердегі жанқиярлық күрестің арқасында жеткен асыл аманат.
Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың тірі куәгерлері – ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны көңілге мұң ұялатады. Биылғы Жеңіс күнін Маңғыстау облысында, соның ішінде сүйікті Ақтау қаласында жалғыз ғана соғыс ардагері – Ольга Заривняк қарсы алып отыр. Ол – баршамыз үшін тірі тарихтың куәсі, ұлт рухының өшпес символы.
Сонымен қатар, қаламызда тұратын 200-ден астам тыл еңбеккеріне айтар алғысымыз шексіз. Сіздердің «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен атқарған қажырлы еңбектеріңіз, маңдай терлеріңіз бен төзімдеріңіз Ұлы Жеңісті жақындатуға қосылған өлшеусіз үлес болды.
Біз Сіздердің алдарыңызда әрдайым бас иіп, ерліктеріңізді мақтан тұтамыз. Отанға деген адалдық пен елге қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол тәрбие мектебі.
Бейбітшілікті сақтау мен Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Өткен тарихымызды құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтау – ел бірлігі мен ұлт рухының айқын көрінісі.
Осы мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, бейбітшілігіміз баянды болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Ақтау қаласының әкімі
Әбілқайыр Байпақов