
7 мамыр күні Ақтау қаласындағы 15 шағын ауданның «Амфитеатр» алаңында Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне арналған ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.
Биылғы мерекелік шараның мазмұны Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған тәуелсіздік, аумақтық тұтастық, бейбітшілік пен қоғамдық келісім қағидаттарымен үндестірілді. Концерт барысында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне ортақ тарихи тағылым, ұрпақтар сабақтастығы және ел бірлігінің маңызы кеңінен насихатталды.
Мерекелік кеш аясында Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, патриоттық әндер мен ұлттық және заманауи хореографиялық қойылымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – қазақстандық эстраданың танымал орындаушылары Gassyr мен Alham-ның өнер көрсетуі болды. Жас буынның ықыласына бөленген өнер иелері көрермендерге әсерлі музыкалық бағдарлама сыйлады.
Мерекелік концертке 6 мыңға жуық көрермен жиналды. Өнер иелері қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсерге бөледі. Тағылымы мол мәдени шара ел бірлігі мен отансүйгіштік рухты дәріптеген жарқын мерекелік кешке айналды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі