Ақтауда капсула үлгісіндегі қоғамдық әжетхана орнатылды

Ақтауда капсула үлгісіндегі қоғамдық әжетхана орнатылды

Ақтау қаласының 14-шағын ауданындағы теңіз жағалауында жеке инвестордың қаражаты есебінен капсула үлгісінде жобаланған жаңа санитарлық нысан орнатылды.

“Qaz Smart Solutions” ЖШС-нің негізін қалаушы Еркін Алжановтың айтуынша, нысан жанынан кофехана да қарастырылған. Жалпы әлеуметтік жоба Қытайдан арнайы тапсырыспен жеткізілген. Оның ішінде 5 әжетхана (2 ерлерге, 2 әйелдерге және 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған) және 2 санитарлық торап бар.

— Нысанды келесі аптада пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта техникалық дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта нысан аумағы өз қаражатымыз есебінен абаттандырылады, — деді кәсіпкер Еркін Алжанов.

Айта кетейік, бұған дейін қолданыста болған қоғамдық дәретхана алдағы уақытта басқа аумаққа көшіріледі.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі