
30 сәуір күні Ақтау әкімдігінде шаһардағы құқық бұзушылықтың алдын алу және түнгі көңіл көтеру орындарындағы ахуалға қатысты жиын өтті. Басқосуға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, қала прокуроры Дауылбай Челпеков, құқық қорғау органдарының және қала әкімдігінің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында қала аумағындағы қылмыстық ахуал талқыланды. Ақтау қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Бақдәулет Ахмедовтің мәліметінше, жыл басынан бері қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға төмендеген. Дегенмен, тұлғаға қарсы қылмыстар мен бұзақылық деректерінің өсу үрдісі байқалады. Аталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі түнгі барлар мен көңіл көтеру орындарында тіркелген. Соңғы бір жылда қала аумағындағы дәмханаларда орын алған жанжалдар бойынша 58 қылмыстық іс қозғалып, оның 23-і бұзақылық фактісі ретінде тіркелген.
Сондай-ақ жиында Ақтау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрбол Қожбанов ағымдағы жылдың қаңтар айынан бері «102» жедел желісіне көңіл көтеру орындарына қатысты 170 хабарлама түскенін атап өтті. Оның айтуынша, тіркелген шақыртулардың басым бөлігі тыныштықты бұзу, төбелес, жанжал, дене жарақатын салу және бұзақылық фактілеріне қатысты. Жалпы, осы кезеңде көңіл көтеру орындарында 44 қылмыс тіркелген.
Осыған байланысты қала әкімі кәсіпкерлерге құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, нысандарды лицензияланған күзет қызметімен қамтамасыз ету, аумақтарды жеткілікті жарықтандыру, сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін бейнебақылау камераларын орнату қажеттігі атап өтілді.
– Біз шағын және орта бизнесті қолдаймыз. Алайда бұл құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктен босатады деген сөз емес. Нысандарыңыздағы қауіпсіздік деңгейі өздеріңізге тікелей байланысты. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осы мәселеге жауапкершілікпен қарап, нақты шешім қабылдауларыңыз қажет. Сонымен қатар түнгі уақытта атылатын отшашуларға қатысты тұрғындардан шағымдар көп түсуде. Бұл бағытта да тиісті бақылау қажет. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» республикалық акциясына кәсіпкерлердің бірлесе қатысуы маңызды, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі