ҚР Премьер-Министрінің сауда базарларына мониторинг жүргізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, Ақтау қаласындағы көтерме сауда базарлары мен қоймалардағы азық-түлік қоры мен баға тұрақтандыру шараларының орындалу барысын зерделеді.
Жұмыс сапары барысында вице-министр «KazFruitCompany» және «AsiaFruitAktau» ЖШС қоймаларының жұмысымен танысты. Сонымен қатар Ақтау қаласындағы «Көк базар» және «Асар-С» көтерме сауда базарларына барды.
Сапар аясында сауда орындарының қызметі, азық-түлік өнімдерінің қолда бар қоры, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың орындалу барысы талқыланды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлермен өнім жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сауда инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды.
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
- Бағаны тұрақтандыру үшін ең алдымен сақтау және жеткізу жүйесін дұрыс ұйымдастыру қажет. Күзде өнімді тиімді бағамен сатып алып, оны заманауи қоймаларда сақтау - нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермейтін негізгі тетіктердің бірі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көкөніс сақтау қоймаларын салуға 40-50%-ға дейін субсидия қарастырылған. Сондықтан кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы керек. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер тығыз байланыста жұмыс жүргізуі тиіс, - деді Айдар Әбілдабеков.
Сапар барысында көкөніс сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қаралды. Вице-министрдің айтуынша, өңірде заманауи қоймалар санын арттыру өнімді маусымаралық кезеңде сақтау мүмкіндігін кеңейтіп, бағаның негізсіз өсуінің алдын алуға ықпал етеді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер жаңа көкөніс сақтау қоймасын салуға дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, қоймаларда шетелден жеткізілген өнімдердің үлесі басым екені байқалды. Осыған байланысты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сақтау көлемін ұлғайту қажеттігі сөз болды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі