
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақтау қаласы аумағында жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген талаптарды толық сақтамай отырған бірқатар кәсіпкерлік субъектілері анықталды.
Атап айтқанда, кәсіпкерлік нысандар аумақтарында және оларға іргелес жерлерде құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың жиналу деректері тіркелді. Сонымен қатар, нысандарды тиісінше пайдаланбау, ғимараттар мен құрылыстардың санитариялық жағдайын және сыртқы келбетін сақтау талаптарының бұзылуы да анықталды.
Аталған бұзушылықтар қаланың санитариялық ахуалына кері әсерін тигізіп, оның сәулеттік-эстетикалық келбетін төмендетеді, сондай-ақ тұрғындар мен қала қонақтарына қолайсыз әсер қалдырады.
– Осыған байланысты барлық кәсіпкерлік субъектілерін өздеріне тиесілі нысандар мен іргелес аумақтарды күтіп-ұстауға жауапкершілікпен қарауға, аумақтарды уақтылы тазалауға, қалдықтарды дер кезінде шығаруға, сондай-ақ ғимараттардың қасбеттері мен абаттандыру элементтерін тиісті жағдайда ұстауға шақырамыз, – деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сайлаубаев.
Айта кетейік, аталған талаптар еленбеген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес нысан иелеріне қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылатын болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі