Ақтауда көтерме сауда базарларына кешенді монитринг жүргізілді

Ақтауда көтерме сауда базарларына кешенді монитринг жүргізілді
Бүгін, 17 сәуір күні Ақтау қаласында ҚР Премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес ірі көтерме сауда нысандарында кешенді мониторинг және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының өкілдері, Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Маңғыстау облысы бойынша Cауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қатысты.

Бірлескен жұмыс барысында қаладағы ірі сауда орындары – «Асар-С» базары мен «Көк базар» аумағында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, сауда талаптарын сақтау және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне белгіленген 15 пайыздық шекті үстеме бағалардың сақталуы басты назарға алынды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізуі, тиісті құжаттарының толық болуы, делдалдық тізбектерді қысқарту арқылы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Сауда орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы да ерекше бақылауда болды. Осы орайда Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нысандардағы қауіпсіздік шараларының жай-күйіне назар аударды.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарын сақтау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл ретте бағаның негізсіз өсуіне әсер ететін артық өнімсіз делдалдарды жою, сондай-ақ халық тұтынатын тағам өнімдерінің санитарлық нормаларға толық сай болуын қадағалау бағытындағы шаралар жүйелі түрде іске асырылады», – деді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев.

Сондай-ақ іс-шара барысында кәсіпкерлерге салық заңнамасын сақтау, қызметті заң талаптарына сай ұйымдастыру, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң ұстану қажеттілігі жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер ететіні ескертіліп, бұл бағыттағы талаптарды сақтау басым міндеттердің бірі екені атап өтілді.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі