
Ақтау қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті ілгерілетуге бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында кәсіпкерлер мен ірі мекемелер де ерекше қолдау көрсетіп, тазалық жұмыстарына жұмылды.
Кезекті экологиялық шара барысында қала аумағындағы жанар-жағармай және газ құю бекеттерінің өкілдері, атап айтқанда «SINOOIL» ЖШС ұжымы мен бірқатар жеке кәсіпкерлер өздеріне бекітілген нысандардың айналасын ретке келтірді.
Атқарылған абаттандыру жұмыстары барысында кәсіпкерлер нысан маңындағы қоршаулар мен жиектастарды сырлап, көгалдандыру жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ тазалық жұмыстарын жүргізіп сыртқы келбетін жаңартты, аумақтардағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс үйінділерін шығарып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қураған шөптерді тазалады.
Бұл бастама кәсіпкерлік нысандарының іргелес аумақтарын күтіп-ұстау талаптарын орындаумен қатар, тұрғындар мен автокөлік иелері үшін жайлы орта қалыптастыруды көздейді.
- Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына үлкен жауапкершілікпен атсалысудамыз. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау — бұл әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен туған қаласына деген шынайы қамқорлығының көрінісі деп білеміз. Осы бастама аясында біз өзімізге тиесілі аумақты қоқыстан тазартып, абаттандыру және сырлау жұмыстарын ұйымдастырдық. Барша кәсіпкерлерді тазалық шарасына шақырамыз, - деді кәсіпкерлер.
Айта кетейік, әрбір кәсіпкер өз нысанының 5 метр аумағындағы тазалық пен көгалдандыруға және санитарлық тазалығына жауапты.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі